15,5 млрд теңге: Қырғызстанға бензинді заңсыз тасымалдағандарға іздеу жарияланды

Редактор
28 февр. 2025 г., 15:25
15,5 млрд теңге: Қырғызстанға бензинді заңсыз тасымалдағандарға іздеу жарияланды
Қылмыстық топ екі жылда 102 мың тоннадан астам мұнай өнімдерін экспорттаған

Қырғызстанға АИ-92 маркалы бензинін заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ АИ-92 маркалы бензинін Қырғыз Республикасына заңсыз шығарып, сатып отырған.

Тергеу барысында күдіктілердің Қазақстан аумағында бензинді еріткіш және дистиллят ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар арқылы шекарадан заңсыз өткізгені анықталды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында «Түрксіб» станциясында заңсыз жолмен жөнелтілген 500 тоннаға жуық бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Жүк «Қара Май Ойл» шағын мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілген және Қырғызстанға бағытталған, – делінген хабарламада.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2023-2024 жылдары аталған шағын зауыттан 102 мың тоннадан астам мұнай өнімдері көрші мемлекетке экспортталған. Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы соңғы екі жылда 15,5 млрд теңгеден асып түсті.

➡️Аталған іс бойынша үш күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды:

Попов Алексей Александрович, 27.04.1987 жылы туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасы, бұрын сотталмаған;
➡️Ибраимов Рахымжан Маматұлы, 29.01.1996 жылы туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Өзбекстан Республикасының Чартак қаласының тумасы, бұрын сотталмаған;
➡️Сағындықов Серік Ерланұлы, 29.07.1987 жылы туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Жамбыл облысының тумасы, бұрын сотталмаған;

Оларға «камаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – делінген хабарламада.