12,4 млрд теңге: тағы бір қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауға алынды

Редактор
11.03.2025, 14:36
12,4 млрд теңге: тағы бір қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауға алынды
Олар 86 мыңнан астам қазақстандықтың ақшасын иемденген

ҚМА Бас прокуратураның үйлестіруімен Asar Baspana қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқаны, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс әкелуге уәде еткені анықталды.

Ал, шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен іске асырылған. Салдарынан Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.

Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып Asar Baspana логотипімен таңбаланған.
 
2024 жылы желтоқсаннан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген, – делінген ҚМА хабарламасында.➡️

 Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпанда Asar Baspana сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды. Алайда, тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді.

Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген. «Platina» бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді. Оның нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.

Сонымен қатар, Ақтауда Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуға тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды. 1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.

2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.