Аян Дүйсеков Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Лобаново ауылында дүниеге келген. Жақындарының айтуынша, ол жақсы оқып, сабырлы әрі мейірімді болып өскен. Бала күнінен судья атанып, елі мен халқына адал қызмет етуді армандаған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін сот жүйесіндегі еңбек жолын төменгі лауазымнан бастап, өз еңбегімен қызметтік сатылардан өткен. Жұбайы және екі баласымен бірге тұрған.
Алайда марқұмның жұбайының айтуынша, соңғы уақытта Аянның бірнеше судьямен келіспеушілігі туындап, кейін тексерулер мен шағымдар басталған. Оған сөгіс те жарияланған.
Сонымен қатар отбасыға қызметтік пәтерді 12 қыркүйекке дейін босату талап етілген.
«Жанжалдан кейін бізге 12 қыркүйекке дейін пәтерден шығу керектігін айтты. Жаңа пәтер іздедік, бірақ таба алмадық. Аян тағы біраз уақыт беруді сұрамақ болды, алайда оған келіспеді. “Сенбі күні пәтерді босатыңдар, болды” деп айтты», – дейді марқұмның жұбайы.
Туыстары жұмыстағы келіспеушіліктер мен қызметтік баспана мәселесі Аянға ауыр психологиялық салмақ түсірді деп есептейді.
Айта кетейік, жұмыс орнындағы жағдайға қатысты бұл мәліметтер марқұмның отбасы мен жақындарының сөзіне негізделген. Тиісті органдардың ұстанымы әзірге мәтінде келтірілмеген.