«Ұлттық кітап» республикалық байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқаудың негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік авторларды анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету. Аудармашыларды, баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау және ынталандыру, – делінген хабарламада.
Байқау келесі 10 номинация бойынша өтеді:
1. Балаларға арналған үздік кітап;
2. Үздік комикс;
3. Нон фикшн жанрындағы үздік кітап;
4. Детектив жанрындағы үздік кітап;
5. Сатира жанрындағы үздік кітап;
6. Үздік илюстрациялық кітап;
7. Үздік аударма кітабы;
8. Фантастика жанрындағы үздік кітап;
9. Үздік баспа;
10. «Жыл кітабы» Гран-при сыйлығы.
Конкурсқа кейінгі екі жылда жарық көрген туындылар қабылданады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен жұмыстар тіркелмейді.
Байқауға жұмыстар 2025 жылғы 15 қаңтар – 1 сәуір аралығында қабылданады.
Айта кетсек, мемлекет басшысының бастамасымен жаңа мереке – «Ұлттық кітап күні» бекітілді. Мереке алғаш рет 23 сәуірде атап өтіледі.