Түркістанның ерекше мәртебесі: қалада не өзгереді?

Редактор
6 мар. 2025 г., 22:36
Түркістанның ерекше мәртебесі: қалада не өзгереді?

3 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Аталмыш құжат он күннен соң қолданысқа енгізілгеннен кейін облыс орталығында қандай өзгерістер болатыны жөнінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы айтып берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, заң тек ресми құжат емес, қаланың дамуына жасалған үлкен стратегиялық қадам болып отыр.

Басты бағыттардың бірі – рухани-мәдени байлық саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, киелі, қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, сондай-ақ қалада 25-тен аса тарихи-мәдени ескерткіштер бар, соларды қорғау, күтіп-ұстау. Одан бөлек қаланың тарихи келбетін сақтау мақсатында қала құрылысы регламенті, яғни қаланың көрікті жерлерінің бәрін бір типте салу, қалаға бөтен құрылыс элементтерін кіргізбеу көзделеді, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Сондай-ақ әкім туризм саласының әлеуетін арттыру үш бағыт бойынша іске асатынын атап өтті. 

Бірінші бағыт бойынша қаланың тарихи-мәдени ескерткіштерін сақтау бойынша арнайы мемлекеттік мекеме құрылып, қаладағы барлық жүргізілетін реставрациялық жұмыстар, зерттеу жұмыстары міндетті түрде қала әкімдігімен келісіліп жүргізіледі. 

Бұдан бөлек кесене аумағын қорғау бойынша бірнеше нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағы 100 метр болса, сол қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын құрылыс нысандарының салынуына жол берілмейді. Құрылыс аймағында тарихи келбетті сақтау мақсатында бір дизайн-код сақталады. 

Бұл заң тек қаламыздың рухани жағынан дамуына ғана емес, экономикалық, инвестициялық жағынан өркендеуіне септігін тигізеді. Қаланың инвестициялық әлеуеті артып, сырттан келетін халықаралық ынтымақтастық та нығая түседі, – деді әкім.