Түркістанда діни қызметкерлердің қоғамдағы рөлі талқыланды

Редактор
24.09.2025, 15:33
Түркістанда діни қызметкерлердің қоғамдағы рөлі талқыланды
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи орталық мешітінде “Қоғамдық тазалық пен рухани тәрбие – бірліктің бастауы” тақырыбында қала имамдарымен маңызды кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды...

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи орталық мешітінде “Қоғамдық тазалық пен рухани тәрбие – бірліктің бастауы” тақырыбында қала имамдарымен маңызды кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекен Қозыханұлы, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Шоқан Тоймахан, сондай-ақ, қаламыздағы мешіт имамдары қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың руханиятын нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ рухани тәрбие мен қоғамдық тазалықтың қоғамдағы орны мен маңызын арттыру болды.



Басқосу барысында дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі, жастарға бағытталған рухани-адамгершілік тәрбие берудегі үлесі және деструктивті діни ағымдарға қарсы күрестегі ықпалы туралы кеңінен сөз қозғалды. Имамдардың насихаттық жұмыстары арқылы қоғамда тәртіп пен татулықты сақтауға қосар үлесі ерекше екені атап өтілді.



Облыстың бас имамы Ержан Төлепов өз сөзінде қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың әлсіреуіне жол бермеу үшін бірлескен жүйелі жұмыс қажеттігін атап өтті. Ол имамдардың тек діни қызметкер ғана емес, ел бірлігі мен жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды тұлғалар екенін жеткізді.



Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы өз тарапынан жергілікті билік өкілдері дін саласындағы жұмыстарға әрдайым қолдау көрсететінін және жастар тәрбиесі – барша қоғамның ортақ міндеті екенін айтты.

Кездесу соңында қатысушылар рухани тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлттық және діни құндылықтарды насихаттау бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтып, нақты ұсыныстар мен міндеттерді белгіледі.