Түркістанда Ассамблеяның 30 жылдығы аясында сарбаздармен кездесу өтті

Редактор
11.09.2025, 17:33
Түркістанда Ассамблеяның 30 жылдығы аясында сарбаздармен кездесу өтті
Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Әр тіл – бір өрнек, әр ұлт – бір өлке» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды, - деп...
 
Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Әр тіл – бір өрнек, әр ұлт – бір өлке» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
 
Аталған іс-шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-і және Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
 
 
Іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық татулықты насихаттау, мемлекеттік тіл мен түрлі ұлт тілдеріне құрмет көрсетуді жастардың бойына дарыту.
 
Кездесуге қала тұрғындары, ұстаздар, этнос жастары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.  Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кездесулер жас ұрпақты ел бірлігіне, тілге деген құрметке және отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие.
 
 
Кездесу барысында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде ел бірлігін нығайтудағы маңызды рөліне назар аударды. Сондай-ақ заң мен тәртіп, жұмысшы мамандықтар жылы тақырыптары аясында сөз қозғап, жастарды отаншыл, білімпаз, еңбекқор болуға шақырды.
 
 
Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серімқызы ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеудің, жас ұрпақты рухани құндылықтарға баулудың маңыздылығына тоқталды.
 
 
Ал Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, “Бітімгер” медиаторлар кеңесінің басшысы Бақытжан Бейсембаев қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауда бітімгершілік пен өзара түсіністіктің орны ерекше екенін атап өтті.
Кеш барысында қонақтар тілдің – бірліктің бастауы, мәдениеттердің тоғысуының негізгі құндылығы екендігін айтты. Ал сарбаздар үшін мұндай кездесулер патриоттық сезімді арттырып, ел бірлігінің мәнін терең түсінуге ықпал етті.
 
 
Іс-шара соңында қатысушыларға мерекелік концерт ұсынылып, достықты, ынтымақ пен татулықты дәріптейтін әндер шырқалды.