Тоқаев: Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары

Редактор
7 февр. 2025 г., 20:06
Тоқаев: Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі бизнес өкілдерімен кездесу барысында қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін қайта қарау керектігін мәлімдеді.

 Мемлекет басшысы үкіметке бұл мәселені жан-жақты зерттеп, барлық мүдделі тараптардың пікірін ескере отырып, нақты шешім қабылдауды тапсырды.

Президент өз сөзінде  ҚҚС мөлшерлемесі дифференцияланған болуы керек екенін айтты. Яғни кез келген салықтық өзгеріс мұқият талқылауды және сараптамалық есептеулерді қажет етеді.

«Мен бұған дейін бұл мәселеге қатысты пікір білдірмедім, өйткені мемлекет басшысының әрбір сөзі нақты тапсырма ретінде қабылдануы мүмкін. Бірақ қазір айтқым келеді: ҚҚС мөлшерлемесі дифференцияланған болуы керек. Оның жоғарғы шегі нақты есептеулер негізінде, білікті сарапшылардың, кәсіпкерлердің және депутаттардың пікірі ескеріле отырып анықталуы тиіс», – деді Президент.

Оның айтуынша, үкімет ұсынған бастапқы мөлшерлеме тым жоғары болған, бұл қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Осылай деп атап өткен Үкіметке бизнес өкілдері мен қоғамның пікірін тыңдауды тапсырды.