Тоқаев Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті

Редактор
25 дек. 2025 г., 14:26
Тоқаев Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Әзербайжан президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті туған күнімен құттықтап, оның бауырлас әзербайжан халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Қазақстан президенті Әзербайжанның егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтуда, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, елінің халықаралық аренадағы беделін арттыруда Ильхам Әлиевтің айрықша рөл атқаратынына тоқталды.

Мемлекеттер басшылары қазақ-әзербайжан қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды одан әрі нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты күшейту перспективасын талқылады.

Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде, соның ішінде Ильхам Әлиевтің биыл 20-21 қазан күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.