«Тек табыс табуды ойлап, қауіпсіздікті ұмытқан». Депутат Қазақмыс кенішіндегі апаттың басты себебін атады

Редактор
19 февр. 2025 г., 23:00
«Тек табыс табуды ойлап, қауіпсіздікті ұмытқан». Депутат Қазақмыс кенішіндегі апаттың басты себебін атады

«Қазақмыс» кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардың көбеюі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне жете көңіл бөлінбеуден. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Айтуынша, мұндай техногендік апаттар еліміздегі шахталарда, карьерлерде, мұнай кен орындарында жыл сайын қайталанып жатыр.

Күні кеше болған апат жеті адамның өмірін жалмап, артында отбасы мен кәмелетке толмаған балалары қалды. Бұл ретте мыс кенішіндегі газ жарылысы туралы ақпарат ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Өйткені ол мыс өндіру кенішінде болмауы тиіс еді. Демек, бұл қауіпсіздік техникасы бұзылғанын білдіреді. Осыған байланысты ірі кәсіпорындардың бірі неге тек табыс табуды ойлап, жылдар бойы қауіпсіздік шараларын тиісінше қамтамасыз етпейді деген сұрақ туындайды, – деді депутат.

Сондай-ақ ол жөнсіз реформалаудың салдарынан біз жоғары деңгейдегі мамандар мен инспекторларды қоса алғанда, тұтастай бақылаушы мемлекеттік саланың жойылғанын айтты.

Мәжіліс қабырғасында мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін қайта құруға байланысты бірнеше рет депутаттық сауал жолданған. Бұған қоса біз өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейтетін заңнамалық және жүйелік нормаларды да ұсындық. Алайда Үкімет, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі бұл маңызды заңнамалық бастаманы қолдамады. Енді министр мен Ұлттық экономика вице-министрлері «Қазақмыстың» қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барсын, – деп күйінді депутат.

Бұған қоса ол 10 жыл бұрын елдегі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жалғыз республикалық ғылыми институт таратылып, қауіпті өндірістегі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері Төтенше жағдайлар департаментінің, демек өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың құзырына берілгенін атап өтті.

Осыған байланысты депутаттар техногендік апаттарды болдырмауға қатысты бірқатар ұсыныс жасады:

1. Премьер-министрге тікелей қарайтын дербес мемлекеттік орган құру арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту мәселесін қарастыру. Бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік функциялары салалық министрліктерден аталған ұйымға берілуі керек.
2. Қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру бойынша жүйені жетілдіру қажет.
3. Газ қауіпсіздігі бойынша сарапшыларды тарта отырып, апаттың себептеріне дереу, жан-жақты және тәуелсіз тексеру жүргізу керек. Шахталардың желдету жүйелерінің тиісті санатқа сәйкестігін тексеру керек.
4. Тау-кен өндіруші кәсіпорындарда жабдықтар мен технологияларды заманауи еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай жаңарту ісін қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары