Тасқыннан сенімді қорғаныс: Құрманғазы ауданында жаңа бөгет салынып жатыр

Редактор
21 апр. 2025 г., 17:47
Тасқыннан сенімді қорғаныс:  Құрманғазы ауданында жаңа бөгет салынып жатыр

Атырау облысында Көптоғай, Шортанбай және Дыңғызыл ауылдарын көктемді тасқыннан қорғайтын бөгет құрылысы қарқынды жүріп жатыр деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Құрманғазы ауданы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары өңірде мектеп, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелері белсенді түрде бой көтеріп, ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұған қоса, автокөлік жолдары мен сумен жабдықтау жүйелері жаңартылуда. Өңірдегі аса маңызды инфрақұрылымдық жобалар қатарына Көптоғай, Шортанбай және Дыңғызыл ауылдық округтеріндегі су тасқынынан қорғайтын бөгеттің құрылысы қосылды.

 

Бұл жай ғана құрылыс емес. Жаңа бөгет өңірдегі өзекті мәселенің шешімі болмақ. Себебі, Қиғаш өзенінен мұндағы елдімекендерге жылда қауіп төнеді. Яғни, көктемде су деңгейі көтеріліп, жұрт тәуекел аймағында қалып қояды. Бұл мәселе әсіресе осы Көптоғай, Шортанбай және Дыңғызыл ауылдарына қатысты.

Жергілікті тұрғындар бұл мәселені аудандық және облыстық билік өкілдерімен кездесулерде талай көтерген. Сол жұрттың жанайқайы шенділердің құлағына жетіп, халықтың өтінішіне жауап ретінде бөгет құрылысының жобасы әзірленген. 

Жоба Құрманғазы ауданы құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге аса бастады. Мемлекеттік мекеме алдымен арнайы конкурс өткізді. Сөйтіп, 2023 жылдың күзінде бөгет құрылысына «TOLAGAI-2050» (бас директоры Қ. Нышанов) компаниясы кірісті.

 

Жоба аясында ұзындығы 13 шақырым, биіктігі 2,5 метр болатын бөгет тұрғызылып жатыр. Құрылыс барысында негізінен нығыздалған саз пайдаланылуда. Бұл бөгет Қиғаш өзенінің арнасынан шықпауын қамтамасыз етеді.

Құрылысқа 70-ке тарта жұмысшы мен 24 техника жұмылдырылған. Олардың қатарында экскаваторлар, гидробатырғыш (гидропогружатель), автокрандар, грейдерлер, бульдозерлер мен ауыр жүк көліктері бар. Бөгеттегі құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі орындалып, жоба белгіленген уақыттан алда келе жатыр.

 

Дыңғызыл ауылындағы жұмыс 90% бітіп тұр. Ал, Көптоғайдағы бөгет құрылысы 70% дайын. Шортанбайдағы жұмыстың жартысы атқарылды. Құрылыс жалғасып жатыр, - деді жоба жетекшісі К.Батырханов.

 

Құрылысты жергілікті шенділер қатаң бақылауда ұстап отыр. Халықты топан судан қорғайтын жобаға жергілікті тұрғындар да белсенді түрде ат салысуда. Яғни, құрылыс Құрманғазы ауданындағы су тасқыны мәселесін шешіп қана қоймай, жұртты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. 

Жылдар бойы келе жатқан мәселенің шешіліп жатқанына қуаныштымыз. Құрылысшылар сапалы жұмыс істеуде. Ал, жұмысқа жергілікті тұрғындардың тартылуы оларға тұрақты табыс беріп отыр, — деді Көптоғай ауылдық округінің әкімі Б.Нұрланұлы.

Жоспар бойынша нысан 2025 жылдың қазанында пайдалануға берілуі тиіс. Алайда, мердігер құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауға ниетті.

Құрылыс жұмыстары нақты және кәсіби түрде ұйымдастырылған. Қажетті техникалар, материалдар мен мамандар бар. Бөгет белгіленген мерзімде тапсырылатын болады, - деді Құрманғазы ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ж.Сүндетов.