Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі 1939 жылы құрылған. Өңірдің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау мақсатында музей өзінің 85 жылдық тарихында алғаш рет арнайы заманауи ғимаратқа көшті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Жаңа музей ғимараты маусым айында пайдалануға берілді. Сәулеті ерекше қазақ тарихы сақталған ордаға келушілердің саны да көбейген.

Музей арнайы қор сақтау қоймаларымен жабдықталған және сандық, мультимедиялық технологиялармен жарақтандырылған 12 экспозициялық залдан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3366 м², ал экспозициялық залдардың аумағы 2000 м². Қазіргі уақытта музей қорында 70 мыңнан астам экспонат сақтаулы, оның 25 120-ы түпнұсқа жәдігерлер.

Жаңа экспозицияларда аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы мен Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетілген. Залдардың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтері арқылы 3D модельде әзірленген. Сонымен қатар анимациялар мен бейне қондырғыларды көрсетуге мүмкіндік беретін LED экрандар орнатылған.

Келушілерге интерактивті сенсорлық панельдер арқылы өз бетінше ақпаратты зерттеу мүмкіндігі берілген. Панельдер үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, экспозицияда тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этнографиялық мәліметтер, тарихи карталар мен диаграммалар ұсынылған.

Музейдің жаңа ғимараты мен заманауи экспозициялары өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауда маңызды қадам болып отыр.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына сапар барасында тарихи-өлкетану музейінің қызметімен танысқан болатын.