Ақтөбе облысы Темір ауданының Қопа ауылында абайсызда оқушының өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Тергеу барысында өткен жылдың 2 қыркүйегінде Темір ауданының Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын «тәрбиелік мақсатта» ұрып-соққаны анықталды. Салдарынан кәмелетке толмаған Сыдық Н. ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды.
Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуі ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен («Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру») бойынша сотқа берілді, ал қалған бесеуі ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі («Бұзақылық») және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасауды ұйымдастырғаны («Қылмысты ұйымдастыру», ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылады, – делінген хабарламада.
Сотта мемлекеттік айыптауды процесс прокуроры қолдайды.