Су тасқыны: Жетісу облысында дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр

Редактор
27 февр. 2025 г., 22:51
Су тасқыны: Жетісу облысында дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр

Жетісу облысында су тасқынына дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Бұл туралы аймақтық Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Отырыс барысында уәкілетті органдардың су тасқыны кезеңіне және басқа да табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық шаралары қаралды.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы Мадияр Басшыбаев қатысушылардың назарын су тасқынына қарсы шаралардың ұйымдастырылуындағы олқылықтарға және облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдау қажеттілігіне аударды.

Облыстағы 114 гидротехникалық құрылыстың 12-сі (10,5%) қанағаттанарлықсыз жағдайда. Олардың пайдалану жарамдылығын анықтау үшін кешенді зерттеулер жүргізу ұсынылды. Сонымен қатар, су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарларының формалды түрде жасалатыны анықталды. Онда жыл сайын бірдей шаралар көрсетіліп, жергілікті жердің ерекшеліктері мен алдыңғы жылдардағы су басу оқиғалары (6 рет елді мекендерді су басу және 2 жол шайылуы) ескерілмеген, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, кейбір жағдайларда, лай суды сору үшін сатып алынған жабдықтар (сорғы қондырғылары) талап етілетін техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтіні анықталды. Ал, ықтимал су тасқынын жою үшін қажетті инертті материалдардың дайындалуы бойынша да олқылықтар бар екені көрсетілді.

Жалпы, Үйлестіру кеңесі уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар тарапынан су тасқынына қарсы іс-шаралардың келісімділігінің жеткіліксіздігін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша оның мүшелері мен мәслихат депутаттары су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауды күшейту қажеттілігін қолдады. Барлық мүдделі органдарға анықталған кемшіліктерді жою, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және халықты қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдау жөнінде нақты ұсынымдар берілді, – делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актілері енгізілді.