Шымкентте жекеменшікке заңсыз берілген жер мемлекетке қайтарылды

Редактор
20 февр. 2025 г., 20:15
Шымкентте жекеменшікке заңсыз берілген жер мемлекетке қайтарылды

Сот жер учаскесінің жеке меншікке берілуін заңсыз деп танып, оны мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, аталған жер учаскесін мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау мақсатында мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қою жоспарланған болатын. Алайда, Шымкент қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің жоспардан тыс тексерісі барысында бұл учаскенің Жер кодексінің 48-бабы өрескел бұзылып, жекеменшікке берілгені анықталды.

Аталған бапқа сәйкес, мемлекеттік жер учаскелері міндетті түрде конкурс немесе аукцион арқылы берілуге тиіс. Бұл жағдайда жер заң талаптары сақталмай берілген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты департаменттің талап-арызын қанағаттандырып, шешім заңды күшіне енді.

Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында заңдылық қалпына келтіріліп қана қоймай, 164,2 млн теңге көлеміндегі негізсіз бюджет шығынының алдын алу мүмкін болды.