Шымкентте алкоголь өндірумен айналысқан ерлі-зайыптылар 309 млн теңге заңсыз табыс тапқан, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап ерлі-зайыпты Қарсеновтар қолдан жасалған акциздік маркаларын және этил спиртін пайдаланып, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіруді ұйымдастырған. Өнім Шымкентте ғана емес, сондай-ақ көршілес Түркістан және Жамбыл облыстарында да сатылған.
Тінту барысында 9 мың литрден астам этил спирті, 24 мыңнан астам жалған акциз маркалары, әртүрлі маркалы дайын алкоголь өнімдері және 75 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат тәркіленді. «Follow the money» принципі бойынша жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жасырын цехтың 309 млн теңгеден астам көлемдегі барлық қылмыстық кірістері анықталды, – делінген ҚМА хабарламасында.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдіктілер жалпы құны 234 млн тенге болатын 13 қымбат көлік («Toyota Land Cruiser 300», «ZEEKR 001», «KIA K8», «Hyundai Grandeur», «VOLVO» және тағы басқа) сатып алған. Тәркілеуден жасыру мақсатында олардың бір бөлігін жақын туыстарының атына рәсімдеген.
Сот үкімімен олар «Заңсыз кәсіпкерлік» (ҚК 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы), «Акцизделетін тауарлардың таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу» (ҚК 233-бабының 2-бөлігі), «Қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру» (ҚК 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларға 5 және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген хабарламада.
Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа сатып алынған 13 көлік пен 75 миллион теңге тәркіленді.