Қазақстанда терроризмді насихаттағаны үшін екі адам 9 жылға сотталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ақтөбе қалалық соты облыс тұрғынын лаңкестікті насихаттағаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Тінту кезінде одан 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, радиостанциялар, граната және 581 оқ-дәрі тәркіленді.
Тергеу барысында оның лаңкестер жағында шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға шақырғаны және өзі де соған дайындалғаны анықталды.
Осыған ұқсас қылмыспен Қаскелең қаласының тұрғыны да сотталды. Ол Қазақстанда зорлық-зомбылық әрекетін жоспарлап, террористік топ құруға әрекеттенген.
Жалпы, 2025 жылдың басынан бері террористік және экстремистік қылмыстар үшін 34 адам, соның ішінде 2 шетел азаматы сотталды. Тағы 23 адамға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
ҰҚК-ның айтуынша, олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық қоздырғаны және экстремистік топтардың қызметіне тартқаны үшін кінәлі деп танылған.