Қызылордада электр қуаты мен ыстық су мәселесін түбегейлі шешетін жаңа ЖЭО құрылысы аяқталуға жақын

Редактор
27 нояб. 2025 г., 15:53
Қызылордада электр қуаты мен ыстық су мәселесін түбегейлі шешетін жаңа ЖЭО құрылысы аяқталуға жақын

Қызылорда облысы мен оңтүстік өңірлердегі электр тапшылығын жоюға бағытталған қуаттылығы 240 мегаватт жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынмен жүріп жатыр. 215 млрд теңге инвестиция толықтай түркиялық Aksa Energy компаниясына тиесілі, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында салынып жатқан жаңа жылу электр орталығы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі стратегиялық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Қуаттылығы 240 мегаватт электр және 277 гигакалория жылу өндіретін ЖЭО-ның жалпы құны 215 млрд теңгені құрайды. Нысанды толықтай түркиялық Aksa Energy компаниясы салып жатыр.

Қазіргі таңда орталықтың негізгі қондырғылары – қуаттылығы 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы (General Electric, АҚШ), 95 мегаватттық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), сағатына 120 тонна өндіретін екі бу қазандығы (AC Boilers, Италия) және сағатына 150 гигакалория жылу беретін төрт қазандық (Mimsan, Түркия) толығымен жеткізіліп,орнатылды. Ғимараттардың құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын аяқтаған станцияда қазір бірінші газ турбинасы мен генераторды іске қосуға дайындық жүргізіліп жатыр, ал қалған құрылғыларға өндіруші мамандар іске қосу жұмыстарын орындауда.

Қызылорда облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Надірбек бұл жоба тәуелсіздік жылдарында инвестор есебінен салынған алғашқы жылу электр орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде құрылыс толық көлемде аяқталуға жақын.

«Бұл елімізде тәуелсіздік кезеңінде инвестор тарапынан салынған алғашқы жылу электр орталығы. Барлық құрылғылар толық орнатылды, қазіргі кезде іске қосу-реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар қуаттылығы 88 мегаватт болатын газ құрылғысы тестік режимде жұмыс істеп тұр. Толық қуатқа 2026 жылдың бірінші тоқсанында шығамыз», – деді ол.

           

ЖЭО құрылысын қазақстандық «Интертаско» компаниясы жүргізуде. Құрылыс басында 1200-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр, олардың көпшілігі – Қызылорда облысының тұрғындары. Тахир Надірбек жаңа нысан өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, артық энергияны республикалық желілерге жіберуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

«Бұл жоба іске асқаннан кейін Қызылорданың ішкі сұранысы толық өтеледі. Қажет болған жағдайда артық энергияны KEGOC-тың республикалық желілері арқылы басқа өңірлерге де бере аламыз», – деді басқарма өкілі.

Сонымен қатар ол Қызылорда қаласын орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі де осы ЖЭО-ның іске қосылуына байланысты екенін айтты.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласын толық ыстық сумен қамтамасыз ету үшін 26,2 млрд теңгеге 423 үйді жүйеге қосу қажет. 2024 жылы 187 үйді қостық, қалған 236 үй жыл соңына дейін қосылады. Жаңа жылу электр орталығы іске қосылғаннан кейін бұл мәселе толық шешімін табады», – деді ол.

           

Жоғарыда аталған инфрақұрылымды қолдау жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бюджет есебінен құны 15 млрд теңге болатын газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциясы мен 45 шақырымдық газ желісі салынды. Қазір ЖЭО қондырғыларын сынау үшін газ жеткізіліп жатыр.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа станцияға арнайы барып, құрылыс барысын көзбен көрді. Президент орталықтың аймақ экономикасы мен халықтың сұранысын қамтудағы маңызын атап өтті.

Қызылордада бой көтеріп жатқан жаңа ЖЭО өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, алдағы жылдары жылу және электрмен қамту сапасын айтарлықтай арттырады. Нысан 2026 жылдың бірінші тоқсанында толық қуатта жұмыс істей бастайды деп күтілуде.