Қызылорда облыстық соты «Қызылорда» Магистральдық газ құбырлары басқармасының бұрынғы басшысының орынбасарына үкім шығарды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, алдау арқылы 279 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.
Сотталған азамат екі жыл бойы «OrdaGlass LTD» және «HH&B Holding» ЖШС мердігерлік ұйымдарымен қымбат бағамен келісімшарттар жасасқан. Ол мердігерлерді жаңылыстырып, қаржының көп бөлігі құрылыс- монтаж жұмыстарына жұмсалғанын, сондай-ақ құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өскенін мәлімдеген, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бас көлік прокуратураның мемлекеттік айыптаушысы сотта оның кінәсін дәлелдеді.
Соталушы 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды, – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енді.