Құлсарыда түйе баланы таптап кетті. Оқиға 26 қазанда "Үшінші" ықшам ауданында болған, деп хабарлайды Ақжайық.
Басылымның хабарлауынша, көшеде тұсаулы жүрген түйе үркіп, жол бойымен келе жатқан жасөспірімді таптап кеткен. Оқиға болған сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Видеодан түйенің баланы қуып келіп, аяғынан шалып құлатып, таптап жатқанын және үстіне шөккенін көруге болады.
Абырой болғанда көмекке сол маңнан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі келген.
Ал жәбірленуші аудандық ауруханаға жүгінді.
Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов басылым тілшісіне ойсылқараның сырғасынан Маңғыстау облысында тіркеліп тұрғанын, бірақ әлі күнге иесі табылмағанын айтты.