Қостанай облысында кәсіпкерлер картоп бағасын негізсіз қымбаттатқан

Редактор
14 февр. 2025 г., 21:36
Қостанай облысында кәсіпкерлер картоп бағасын негізсіз қымбаттатқан

Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өңірде картоп бағасына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде тауар құнында елеулі өзгерістер анықталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Атап айтқанда, 2025 жылдың 13 ақпанында өңірдегі супермаркеттердің бірінде жуылған картоптың бағасы 421 теңге болған. Мониторинг барысында бағаның өсуі өндірушінің сату бағасының өсуіне байланысты болғаны анықталды. 

Сонымен қатар, 2024 жылдың 4 тоқсанында сататын картоп бағасына талдау жүргізілді, бұл 2024 жылдың қарашасынан желтоқсанына дейін сату бағасының 31,6%-ға өскенін көрсетті. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша картоптың бағасы төмендетілді.

Мониторинг барысында бір өнімге әртүрлі бағаларды қолдану жағдайлары да тіркелді. Осы фактілер бойынша департамент талдау нәтижелерін Қостанай облысы бойынша БҚДА-ға жолдады. Бұл орайда монополиялық жағдайды теріс пайдалану және негізсіз жоғары бағаларды белгілеу мүмкіндігін тергеу ұсынылды.

2025 жылдың басынан бастап Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті делдалдарды анықтау бойынша 10 өңірлік комиссия өткізді. Оның барысында ӘМАТ-қа 15% сауда үстемесін бұзған 29 кәсіпкер анықталды. Олардың 7-і картоп саудасымен айналысады: біреуіне айыппұл салынды, алтауына ескерту берілді. Облыс бойынша картоптың бағасы 150-ден 300 теңге/кг дейін, ал бөлшек саудада тұрақтандыру қорынан алынған картоп 150-154 теңге/кг болып отыр, – делінген хабарламада.

Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша, бүгінде облыста картоп қоры – 12 128,3 тонна.