Қазақстандық әншілердің құқығын қорғау мақсатында цифрлық платформа іске қосылады

Редактор
26 февр. 2025 г., 16:24
Қазақстандық әншілердің құқығын қорғау мақсатында цифрлық платформа іске қосылады

Зияткерлік меншік құқығын реттеу саласын цифрландыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

«2024 жылдың күзіне Meta платформаларынан қазақстандық музыканың алынып тасталуы ұжымдық басқару жүйесіндегі кемшіліктерді көрсетті. Көптеген авторлар мен орындаушылар өз шығармалары үшін сыйақы алмағандары туралы шағымданды. Осыған байланысты, бұл саланы цифрландыру қажет. Авторлар мен құқық иеленушілер барлық процесті онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болады», – деді министр.

Оның айтуынша, келісімшарт жасау, сыйақыны жинау, бөлу және төлеу кезеңдерін онлайн бақылау жүйесі әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформа енгізу, талдау және есептілік жүйесін дамыту, зияткерлік меншік нысандарын тіркеу бойынша іздеу жүйелерін жетілдіру, мобильді қосымша жасау және халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейту жоспарланған.