2024 жылы бруцеллез бойынша қолайсыз пункттерді тіркеу 30%-ға төмендеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, ірі қара малдың бруцеллезбен ауруы тұрақты түрде төмендеп келеді. Соңғы үш жылда залалдану деңгейі 0,08%-дан аспаған.
2024 жылға арналған серологиялық зерттеулер жоспарына сәйкес «ИНСПЭК» ЖШС-де 2 мыңнан астам ІҚМ басы зерттеліп, олардың 53-і оң нәтиже берді. Шаруашылық мәртебесін анықтау мақсатында қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша бруцеллезбен ауырған 95 бас ІҚМ анықталды. Ветеринариялық-санитариялық ережелерге сәйкес барлық жануарлар санитариялық союға тапсырылды, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, шаруашылықтың 13 200 шаршы метр аумағында дезинфекция жүргізілген. 10 қаңтарда шаруашылықта шектеу шаралары енгізілді.
ҚР АШМ ВБҚК «Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ» РММ күштерімен сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.