Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялады деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Құжатқа 2023 жылы 9 қарашада Ташкентте қол қойылған.
Орталық өнеркәсіптік кооперация, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық кешені ретінде жұмыс істейтін болады.
Нысанның орналасқан жері «Атамекен» (Қазақстан) және «Гүлістан» (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттері маңындағы елдердің шекаралас аймақтары болып анықталды. Олар орталықтың бір бөлігінен екінші бөлігіне өтетін адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекаралық, кедендік және басқа да бақылау түрлерін жүргізу үшін пайдаланылады. Орталық аумағында шаруашылық субъектілері өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыра алады, – делінген хабарламада.
Келісімді ратификациялау елдердің өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге, инвестиция тартуға және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға ықпал етеді.