Ұлытау облысында «Қазақмыс» компаниясының Шығыс-Жезқазған кенішінде жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, №57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылы туған кенші жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен.
Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталып жатыр. Жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды, – делінген компания хабарламасында.
«Қазақмыс» басшылығы мен ұжымы марқұмның жақындарына көңіл айтты.
Қаза тапқан жұмысшының отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның ішінде жерлеу шығындары да кіреді, – делінген хабарламада.