Алматы облысында көпқабатты тұрғын үйлерді салу кезінде аса ірі көлемде алаяқтық жасалғаны анықталды. Бұл дерек бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті тергеу жүргізіп, істі сотқа жіберді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, «Tоредо» ЖШС басшылары 2021-2023 жылдары лицензиясыз, жобалық-сметалық құжаттарсыз, құрылысқа рұқсатсыз жұмыс істеген. Соған қарамастан, олар «HOME», «HOME Южный018», «HOME SAU», «HOME MAK» тұрғын үй кешендерін әлеуметтік желілерде белсенді жарнамалап, 100-ден астам азаматтан 972 миллион теңге жинаған.
Құрылыс талапқа сай жүргізілмей, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Бұл жағдай үлескерлердің жаппай құқық қорғау органдарына шағымдануына себеп болды.
Сот санкциясымен күдіктілердің:
12 жер телімі,
9 автокөлік,
3 қабатты аяқталмаған ғимараты,
Жеке тұрғын үйі
240 миллион теңгеден астам сомаға тәркіленді.
Қазір күдіктілер қамауда, іс сот қарауына жіберілді.