Қан қысымы, тұншығу, кома: Ақтауда 7-сынып оқушысы «қатерлі ойыннан» есінен танып қалды

Редактор
21 апр. 2025 г., 21:20
Қан қысымы, тұншығу, кома: Ақтауда 7-сынып оқушысы «қатерлі ойыннан» есінен танып қалды

Ақтауда 7-сынып оқушысы ойын кезінде есінен танып қалды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Әлеуметтік желіде бір топ қыз баланың өз құрбысының кеуде тұсын қатты қысып жатқаны, артынша ол есінен танып қалғаны бейнеленген жазба тарады.

lada.kz ақпаратына сәйкес, оқиға Ақтау қаласындағы мектептердің бірінде болған.

Маңғыстау облысының Білім басқармасының мәліметінше, бейнежазба 18 сәуірде түсірілген әрі бұл жағдай мектептің қыздар дәретханасында болған. Оған 7-сыныптың бірнеше оқушысы қатысқан.

«Қазір жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мектеп психологтары да тартылған. Бұл оқиға Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралатын болады. Сонымен қатар, мектеп директорының әрекетіне (әрекетсіздігіне) байланысты қалалық білім бөлімі тарапынан тәртіптік шаралар қабылданды», – делінген ресми хабарламада.

Оқушылар қатысқан бұл «ойын» — «собачий кайф» деп аталады. Бұл қауіпті тәжірибе — жасөспірімдердің есінен тану алдындағы «галлюцинация» мен «жайсыз әсерлерді» сезіну үшін тыныс алуды әдейі тежейтін әрекет.

Медицина мамандары бұл ойынды аса қауіпті санайды. Себебі:

  • Ми гипоксиясы (оттегі жетіспеушілігі) санаулы секунд ішінде туындайды;

  • 20 секунд ішінде адам есінен танып қалуы мүмкін;

  • Ұзаққа созылған гипоксия — инсульт, жүрек тоқтауы, тіпті өлімге әкелуі ықтимал;

  • Тіпті тірі қалған күннің өзінде, адамның миы зақым алуы ықтимал.

Мысалы, 1995–2007 жылдар аралығында АҚШ-та осындай «ойыннан» 82 баланың көз жұмғаны ресми түрде тіркелген.