Қайтарымсыз несие беруге уәде берген әйел 33 млн теңгені қолды қылған

Редактор
28 янв. 2025 г., 18:43
Қайтарымсыз несие беруге уәде берген әйел 33 млн теңгені қолды қылған

Таразда 33 миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденген күдікті әйел ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Полиция қызметкерлері ақпаратына сүйенсек, Тараз қаласының 35 жастағы тұрғыны бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Тергеу барысында күдіктінің облыс орталығында кеңсе ашып, әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, "қайтарымсыз несие беремін" деген уәделермен адамдарды алдап келгені анықталды. Ол өзін микрокаржылық ұйымдарда заңгер болып қызмет еткен, осы салада мол тәжірибесі бар маман ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Салдарынан әйел 71 азаматты алдап, оларға жалпы көлемі 33 миллион теңгеден астам шығын келтірген, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жәбірленушілер арасында тек Тараз қаласының емес, Жамбыл облысының түрлі аудандарында тұратын тұрғындар да бар көрінеді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі ("Қайта жасалған алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.

Қазір дәлелдемелер жинау және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Жамбыл облысының полиция департаменті, егер осы азаматшаның әрекеттерінен зардап шеккендерге тұрғылықты жеріндегі полиция бөліміне жүгінуін сұрайды.