"Жалпы, елімізде осы бағытта біраз жұмыс істелді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, біз қазір түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, ғылымның, ең бастысы, білім беру саласының келешегін айқындап отыр.
"Басты мақсат – Қазақстанды озық, өркениетті елге айналдыру. Көптеген жетекші елдер жасанды интеллектіні XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде мойындады және оны дамытуға қомақты қаржы бөліп отыр",– деген президент мысал ретінде Қытай мен АҚШ-тың осы бағыттағы жұмыстарын айтты.
Осы орайда мемлекет басшысы жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды.
"Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы басты мақсат экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау екенін айтты. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек.