Полиция «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлерін ұстады

Редактор
3 мар. 2025 г., 16:04
Полиция «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлерін ұстады

Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «Қазақмыс» корпорациясының қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, көрсетілген кәсіпорынның жұмыскерлерінен тұратын екі топ ұстады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, күдіктілер кәсіпорынның тауарлық-материалдық құндылықтарын ұрлаумен айналысқан.

Бірінші жағдайда топ мүшелерінің бірі учаске бастығы болып табылады. Олар 16 млн теңгеден астам сомаға кәсіпорын мүлкін ұрлаған. Екінші топта қылмыстарды жасауға корпорация басқармаларының бірінің басшысы қатысқан. Олар ұрланған заттарды кәсіпорын аумағынан құжаттарды қолдан жасау арқылы шығарып отырған. Аталған фактілер бойынша фигуранттардың құқыққа қарсы әрекеттері туралы дәлелдер жиналды. Барлық күдіктілер ұсталды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық фактілері бойынша жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ «Qarmet» АҚ-дан мүлік ұрлауды ұйымдастырғаны үшін 2023 жылы ұсталған топтардың бірінің мүшелері ұзақ мерзімге сотталғанын атап өту қажет. Осы кәсіпорында ұрлық жасаған басқа да екі ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық істер сотқа жіберілді. Ірі өнеркәсіп объектілерінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың криминалдық әрекеттерінің жолын кесу жөніндегі жұмыс Ішкі істер министрлігінің бақылауында, – деді спикер.