"Тек қана орысша қызмет көрсетеміз" деген жазу ілген дүкен иесі жауапқа тартылды.
Павлодар қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты аталмыш дерек ұсақ бұзақылық бабы бойынша іс қозғап, дүкен иесіне 55 048 теңге айыппұл салды.
"Себебі, әйел қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, басқаларға құрметсіздік танытатын әрекеттер жасаған.
Тұрғынның кінәсі оның айтқан сөзімен, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, сондай-ақ істің басқа материалдарымен дәлелденіп отыр. Әйел өз кінәсін толық мойындайтынын және өкінішін білдіргені белгілі болды.
Сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әйел адамды кінәлі деп таныды. Оған 55 048 теңге сомасында айыппұл тағайындалды", – деп хабарлады қалалық сот.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізде болса, желіде Павлодардағы дүкеннің кіреберіс есігі мен витринасына "Тек қана орысша қызмет көрсетеміз" деген тақташа жабыстырылып тұрғаны туралы ақпарат тараған еді. Мұның арты үлкен шуға ұласып, қоғам арасында үлкен қарсылық тудырған.