Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолды су басты

Редактор
19 мар. 2025 г., 18:31
Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолды су басты

Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолды су басты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, бүгін сағат 01:50 шамасында ауа температурасының көтерілуі мен қардың жылдам еруі салдарынан «Астана-Шідерті-Павлодар-Успенка» республикалық автожолының 217–218 шақырымы аралығында жол жабынын су алу фактісі тіркелді. Су басқан учаскенің жалпы ұзындығы – 100-150 метрді, ал су биіктігі – 5-8 сантитметр.

Аталған учаске төмен орналасқандықтан, еріген су осы аймаққа шоғырланған. 217-шақырымда диаметрі 1×1 м болатын суөткізгіш құбыр бар, ол қазір ашық және тазартылған күйде жұмыс істеп тұр. Тасқынның ары қарай жайылуын алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында 200 тонна құм мен 800 қап дайындалды, сондай-ақ 1 экскаватор, 1 тиегіш, 3 самосвал, 2 жол жөндеу қызметінің техникасы және ДЭУ-60-тың 30 қызметкері жұмылдырылды, – делінген хабарламада.

2025 жылғы 19 наурыздағы сағат 10:30-дағы жағдай бойынша көлік қозғалысы қалыпты режимде жүргізіліп жатыр, көлік кептелісі байқалмайды. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды атқарып жатыр.