Өскеменде Гематология орталығын салуға 33,6 млрд теңге бөлінді

Редактор
20 мар. 2025 г., 15:35
Өскеменде Гематология орталығын салуға 33,6 млрд теңге бөлінді

Президент тапсырмасымен Өскемендегі Гематология орталығы құрылысына 33,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Медицина мекемесінде екі корпус: 148 орындық стационар және клиника науқастарына арналған 24 орындық қонақ үй қарастырылған. Бас ғимаратта заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған зертханалар, сәулелік диагностика, кардиология, кардиохирургия, гематология, сүйек кемігін трансплантациялау және күрделі соматика бөлімшелері орналастырылады. Жаңа орталық науқастар емдеу мен оңалтудың озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы құны – 71,3 млрд теңге. Бүгінде нысанның 78%-ы аяқталған. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, сыртқы инженерлік желілер тартылған, шатыр, қасбеті, терезе блоктары дайындалып, ішкі әрлеу жұмыстары ішінара аяқталған, – делінген Үкімет хабарламасында.

Айта кетсек, бүгінде Үкімет әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлді. Олардың қатарында 7 мектеп, оның ішінде бір музыка мектебі, 2 спорт кешені, стадион, көпсалалы аурухана кешені, облыстық жедел жәрдем стансасы, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, жатақхана, 2 балабақша бар. Бұдан бөлек, қаражат Қызылорда облысының Арал ауданындағы сумен жабдықтау жүйелерін салу және жаңғыртуға бағытталды.