Өскеменде 20 жыл бұрын кісі өлтірген күдікті қолға түсті

Редактор
21 февр. 2025 г., 18:13
Өскеменде 20 жыл бұрын кісі өлтірген күдікті қолға түсті

Шығыс Қазақстан облысында жиырма жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2004 жылдың 22 қаңтарында Өскемендегі үйлердің бірінен зорлық белгілері бар ер адамның мәйіті табылған. Тергеу барысында бұл қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті оқиға орнын өртеп жібергені анықталды. Сол кезде қылмыстық іс қозғалғанымен, айғақтардың жойылуы мен қылмыскердің ізін суытуы тергеу барысын күрделендірді.

Жедел уәкілдер материалдарды қайта қарап, деректерді талдап, қылмыстың толық көрінісін кезең-кезеңімен қалпына келтірді. 

2025 жылдың ақпанында қылмыстық іс қайта жанданып, жедел тергеу тобы кешенді іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің ізіне түсу мүмкін болды. 18 ақпанда сот шешімімен күдікті қамауға алынды, – делінген хабарламада.

Қазір қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.