Өрт қауіпсіздігі: Алматыда жер үйлерге құтқару датчиктері орнатылып жатыр

Редактор
5 дек. 2025 г., 16:29
Өрт қауіпсіздігі: Алматыда жер үйлерге құтқару датчиктері орнатылып жатыр

Алматыда жеке сектордағы өрт қауіпсіздігін арттыру бағытындағы мақсатты жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. ТЖД мамандары «QazaqGaz Aimaq» қызметкерлерімен бірлесіп Ақбұлақ шағынауданында кезекті рейд өткізді. Тұрғындарға жылыту құрылғысын дұрыс пайдалану ережесі түсіндіріліп, газдың және улы газдың таралуын анықтайтын арнайы датчиктер орнатылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын жеке секторда профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, демалыс күндері бұл шаралар қарқын ала түседі, өйткені тұрғындар үйде болған осы кезде көпшілікке қауіпсіздік талаптары айтылып, қажет болса датчиктер орнатылады.

Қыс мезгілінде жылыту құрылғысын дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт қаупі артады. Сол себепті біз негізгі өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, қатты отынмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін жылыту жүйелерінің әрдайым жарамды күйде болуын қадағалау қажеттігін айтамыз, - деді Алматы қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Константин Канин.

Сондай-ақ, ол мұндай жүйелерді қараусыз қалдыруға болмайтынын, әсіресе үйде кішкентай балалар болса, ерекше сақ болу керектігін ескертті.

Бір күнде мамандар 60 жеке үйді аралап, 10 көміртек тотығы датчигін орнатты. Жыл басынан бері МИБ, ПИК және кондоминиумдармен бірлесіп 2 771 адам қатысқан 165 жиналыс пен кездесу өткізілді.

2018 жылдан бері қала және аудан әкімдіктерінің қолдауымен алматылықтардың үйіне 1 628 көміртегі тотығы датчигі орнатылды. Қосымша тағы 642 құрылғы сатып алынып, қала аудандарына датчик орнату жұмыстары жалғасады.

Алматының ең осал тұрғын аймақтарында өрт қауіпсіздігін күшейту мен үйді қажетті датчикпен жабдықтау жұмыстары жалғаса береді. Бұл өрт қаупін азайтып, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне септігін тигізеді.