Қызылорда облысында бірқатар ауылдық елді мекендер сапалы ауыз суға зәру болып отыр. Бұл туралы Сенат депутаты Руслан Рүстемов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сенатор ұсынған деректерге сәйкес, облыс аумағында 4 қала және 223 елді мекен бар. Өңірдегі барлық қала ауыз сумен толық қамтылған. Алайда, 23 елді мекен күні бүгінге дейін орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылмаған.
Елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жол картасы әзірленді. Ол бойынша Арал ауданындағы Ақбасты, Тоқабай, Абай ауылдық елді мекендерін Арал-Сарбұлақ топтық су құбырына қосу жобалары Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы іске асырылып жатыр. Алайда, бұл жобалардың құрылысы 2021 жылы басталғанмен әлі күнге дейін аяқталмай, ұзаққа созылып келеді. Тоқабай, Абай елді мекендерін топтық су құбырына қосу жобасының келісімшарт бойынша құны – 8,1 млрд теңге, алайда бүгінге дейін бөлінген 2,4 млрд теңге көлемінде қаржы жобаны аяқтау үшін мүлде жеткіліксіз, – деді депутат.
Айтуынша, жоба бойынша түрлі диаметрдегі 138 шақырым су құбырлары, 2 дана сорғы станциясы және 4 дана су қоймасы салынуы тиіс болса, бүгінде тек 23 шақырым су құбыры ғана жүргізілген.
Ақбасты елді мекенін топтық су құбырына қосу жобасында қаралған су құбырлары толық жүргізілгенмен, жоба құны бойынша қаражаттың толық көлемде бөлінбеуі салдарынан сорғы станциялары мен су қоймаларының құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Аталған жобаларды жүргізу барысында осындай күрделі жағдайлардың қалыптасып, құрылыс қарқынының баяулауы себебінен 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша мемлекет басшысы тапсырмасының мерзімінде орындалмау қаупі туындап отыр, – деді Руслан Рүстемов.
Сондай-ақ, ол облыс аумағындағы 6 елді мекенде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлудің қажеттігін жеткізді.
Қиын түйіннің шешімі табылғанша, аталған ауылдардың тұрғындары тасымал және шахталық құдықтар арқылы су тұтынуға мәжбүр болып, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін жиі көтеріп келеді. Сол себепті аталған мәселені шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, жобаларға республикалық бюджеттен 787 млн теңге қаржы қаралды. Дегенмен, бөлінген қаржы жобаларды толық аяқтауға жеткіліксіз, – деді сенатор.
Депутат ауылдық елді мекендердің халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобаларды іске асыруға барлығы 8,5 млрд теңге қажет екенін атап өтті. Қаражат экологиялық қолайсыз аймақ саналатын Арал және Қазалы аудандарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың денсаулығына оң әсерін тигізуге ықпал етеді.