Мұнай компаниясы директоры жұмысшыларға бөлінген 321 млн теңгені жымқырған

Редактор
3 нояб. 2024 г., 18:50
Мұнай компаниясы директоры жұмысшыларға бөлінген 321 млн теңгені жымқырған

ҚМА «Кезби» компаниясының қаражатты жымқыру және салық төлемеу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Агенттік мәлімдеуінше, Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («аса ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Директор компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ, 1,5 млрд-қа жуық теңгеге салық төлеуден жалтарғаны үшін күдікке ілінген.

2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-пен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шарттарын жасасқан. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақылардың өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшін әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартудың орнына жымқырған, деп жазылған агенттік мәлімдемесінде.

Күдікті Е.Кезбаев 2024 жылғы 3 қарашада ұсталған. Қазір жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.