Мүгедек балалардың есебінен байыған орталық басшысы тергеуге алынды

Редактор
28 мар. 2025 г., 18:00
Мүгедек балалардың есебінен байыған орталық басшысы тергеуге алынды

Павлодар қаласындағы мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында заңсыз қаржылық операциялар анықталды. Прокуратураның тексеруі нәтижесінде орталық басшылығы мемлекеттен бөлінген қаражатты негізсіз иемденгені белгілі болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Орталық басшысы жалған шарттар жасасқан, соның негізінде көрсетілетін қызметті алушылар ұзақ уақыт бойы мемлекет есебінен қарастырылған қызметтер үшін өз қалтасынан ақша төлеп келген, – деп мәлімдеді Павлодар қаласының прокуратурасы.

Ресми дерекке сәйкес, оңалту орталығында тіркелген кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдеріне жалпы сомасы 7,6 миллион теңге көлемінде материалдық зиян келген.

Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, Павлодар қаласының полиция басқармасы тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп қосты құқық қорғау органдары.

Прокуратура бұл істе кінәлілер жауапқа тартылып, келтірілген шығын өтелуге тиіс екенін атап өтті. Тергеу жалғасып жатыр.