Миллиондаған теңгенің автокөліктері: Жетісуда ірі алаяқтық әрекеті әшкереленді

Редактор
27.05.2025, 14:33
Миллиондаған теңгенің автокөліктері: Жетісуда ірі алаяқтық әрекеті әшкереленді
Күдіктілер қамауға алынды

Панфилов ауданына қарасты Атамекен ауылында автокөліктерді заңсыз иемденуге байланысты ірі алаяқтық дерегі анықталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 33 және 34 жастағы екі ер адам алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы 13 автокөлікті иемденіп, жалпы сомасы 314 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.

Алаяқтардың алғашқы құрбаны – Қытай азаматы болған. Олар бұл азаматқа автокөліктерін Грузияға жеткізіп береміз деп уәде беріп, салдарынан алты көлігін алып кеткен: Jetour (үш автокөлік), Mercedes C260, Mercedes C260L және Mercedes GLC 260L. Кейін бұл көліктер Шымкент пен Жамбыл облысына жеткізіліп, таныстарына сатылған.

Алаяқтар мұнымен тоқтамаған. Келесі құрбан – көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер болған. Беларусь Республикасына көлік жеткізу үшін автокөлік тасымалдайтын көлігі бар жүргізуші іздеген кәсіпкер алаяқтармен танысып қалған. Бұл жолы олар жеті көлікті иемденген: Range Rover, Mini Cooper SE, Li 7 (үш автокөлік) және екі Li 9 (2 автокөлік). Қытайлық бес көлік Жамбыл облысына жеткізіліп, алаяқтардың ортақ танысына сатылса, қалған Range Rover мен Mini Cooper SE Алматыда арзан бағамен өткізілген, – делінген хабарламада.

Қазір алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілер қамауға алынды.