Жамбыл облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттен нәтижесінде 73 121,2 млн теңгеге бұзушылықтар анықталған . Бұл туралы облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Баймағамбетов айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Спикер аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында 2024 жылғы жүргізілген аудит бойынша департамент қызметінің қорытындыларын жариялады.
Оның айтуынша, облыста 74 аудит іс-шарасы өткізілген: 14 жоспарлы және 60 жоспардан тыс, оның ішінде 11-і Комитеттің тапсырмасы бойынша және 49 заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізілді.
73 121,2 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 63 168,2 млн теңге болды. Бюджетке қайтарылуы тиіс бұзушылықтар 280,4 млн теңге болса, оның 68,3 млн теңгесі (24,3%) қайтарылды, - деді спикер.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына 1 440,5 млн теңгеге 4 материал берілген, оның біреуі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған қоса, мемлекеттік сатып алудың 99,3% процедуралары камералдық бақылаумен қамтылды (26975-тен 26780). Ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге 6398 хабарлама жіберіліп, оның 6272-і орындалды (98,0%).
827 материал тіркелді, оның 664-ы қаралып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 163-ы сотқа берілді. 100,5 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, бұл сомадан 95,0 бюджет кірісіне өндірілді, - деді Әмірхан Баймағамбетов.