Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында мәжбүрлі түрде емдейтін бөлім бар. Қазіргі таңда соттың шешімімен 100-ден аса науқас емделіп жатыр, деп хабарлайды
bairaqmedia.kz
Күнде ащы судан аузы құрғамайтын, отбасының шырқын, көрші-қолаңның тыныштығын ұрлайтын, маскүнемдікті дерт деп мойындамай немесе тәуіп, емшілерді аралап ауруды асқындыру оқиғалары жиі кездеседі.
Мұндай жағдайда науқастарға Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығы көмектеседі. Мұнда сот шешімімен мәжбүрлі ем қабылдайтындар да бар.
Олардың қатарында талай жыл лауазымды қызметте жұмыс істеген, жоғары білімді азаматтар бар екен. Алайда, соңғы
10 жылдан бері ащы суға құмар. Қазір сот шешімімен 10 ай мәжбүрлі түрде емделіп жатыр. Айтуынша, ащы суға салынуына анасының қазасы мен ақшаның буы әсер еткен.
Ең алғаш рет бұл орталыққа 2003 жылы осында әпкем жатқызды. Қатты ішімдікке беріліп кеткен кезде әкеледі. Жас кезімде ішкенде ол жақсы әсер беретін. Ішкен адам ақылынан адасады. 2016 жылы шешемнен айырылдым. Содан кейін ішімдікке қатты беріліп кеттім. Ақшаның буын көтере алмағаным да бар, - деп ағынан жарылды науқас.
Мамандардың айтуынша, есірткі мен ішімдікке салынып кететіндердің көбі ер адамдар болғанымен, қыз-келіншектер де келіп жатады. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі екен.
Мұнда жатқан науқастардың жас ерекшеліктері әртүрлі. 19 жастан 70 жасқа дейін барады. Осы орталыққа олардың тума-туыстары жүгінеді. Мұнда біздің спорт залымыз бар. Науқастар спортпен шұғылданады, - деді мәжбүрлі түрде емдеу бөлімінің меңгерушісі Гүлфариза Сәрсенова.
Олар шыққаннан кейін қолдау терапиясын алуы керек. Алайда, көбі орталықтан шыққаннан кейін қаралмай, ескі әдетіне басатындар бар екен.
Айта кетейік, Дүниежүзінің Денсаулық сақтау ұйымы алкоголь сусындары мен психобелсенді заттар жыл сайын 3 миллион тұрғынның өмірін жалмайды деп дабыл қағып жатыр. Марқұмдардың басым бөлігі ер кісілер.
Арақ, сыра, шарапты тұрақты түрде тұтынған адамның физикалық жағдайы, психологиясы , ойлау қабілеті құлдырайды. Іш құрылысын улап, денсаулығын діңкелетіп, туыстарының да өмірін тозаққа айналдыратын бұл дерттің тұзағынан құтылу да оңай емес.