Buzachi Operating Ltd мұнай-газ компаниясы миллиардтаған шығынды өтеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасы кешенді тексеру нәтижелері бойынша Buzachi Operating Ltd компаниясы филиалының қызметінде өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Компания 6 жыл бойы мұнай мен газды жоғалта отырып, жер қойнауын пайдаланған, сондай-ақ уәкілетті органның рұқсатынсыз шикі газды жаққан. Прокурорлар қабылдаған шаралар бойынша сот шешімдерімен Компанияны жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге залалды өтеуге міндеттеді. Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді, – делінген хабарламада.
Осы жылы наурыздың басында компания мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді.
Айта кетсек, Buzachi Operating Ltd (Buzachi Operating Ltd) – Маңғыстау облысының аумағында Ақтау қаласынан солтүстікке қарай 250 шақырым жерде орналасқан Солтүстік Бозашы кен орнын игеру үшін 2004 жылдың желтоқсанында құрылған операциялық компания. Қазір кен орнын игеру серіктестер – CNPC (Қытай) және SINOPEC (Қытай) компанияларының басшылығымен жүргізіліп жатыр, олардың әрқайсысы 50% акцияға ие.