Жезқазғанда Наурыз мейрамына арналған сахнаны безендіру кезінде қайғылы оқиға болып, ер адам өайтыс болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Патриот» Telegram арнасының ақпаратына сәйкес, 55 жастағы жеке кәсіпкер Жанис-Лаурис Вильчинскас 3 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған. Оқиға 14 наурызда облыс әкімдігінің алдында болған.
Кәсіпкер мерекелік плакат іліп жатқан кезде құлап, жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оған екінші дәрежелі кома, биіктіктен құлау салдарынан болған политравма, ашық бас ми жарақаты, фронтемпоральды лобтың контузиялық-геморрагиялық ошақтары және мидың ісінуі сынды ауыр диагноздар қойған. 18 наурызда оған шұғыл операция жасалғанымен, пациент сол күні қайтыс болды.
Жанис-Лаурис Вильчинскас жеке кәсіпкер ретінде Наурыз мейрамына сахнаны безендіру жұмыстарына тартылғаны белгілі болды. Алайда, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Гүлзада Кәрібекқызы оның қандай жұмыстар атқарғаны туралы ақпарат беруден бас тартты.
Ол құлағаннан кейін тіл тартпай кеткен жоқ. Ол біраз уақыт ауруханада жатты, сондықтан оның өлімін қызметпен байланыстырудың қажеті жоқ. Біз оны жұмысқа тартқан жоқпыз. Ол жерде не істегенін де білмеймін, – деді ведомство басшысы.
Қазір қалалық полиция басқармасы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ұлытау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатовтың мәлімдеуінше, оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.