Жетісуда ірі жобалар жүзеге асуда

Редактор
20 нояб. 2025 г., 20:37
Жетісуда ірі жобалар жүзеге асуда

Президенттің туризмді дамыту туралы тапсырмасы Жетісу облысында қарқынды жүріп жатыр, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Бұл өңірде айдынды Алакөл орналасқан. Суы да балшығы да жанға дәру бұл көл еліміздегі негізгі туристік бағыттардың бірі. Жылына Алакөл жағасына шомылу үшін 5 миллионға жуық демалушы келеді деген дерек бар. Туристер саны артқан сайын демалыс орталықтары да көптеп ашылуда. Ол айдынды Алакөлдің экологиясына әсер етпей қоймайды. Мәселен, мамандар көл жағасындағы қонақүйлер мен мейрамхана-дәмханалардан шыққан қалдық сулар Алакөлге құйылып жатыр деп дабыл қаққан. Бұл мәселе келер жылы толық шешілетін болды.

Жетісу облысының әкімдігі ақша бөліп, Ақши ауылының тұсынан кәріз тазалау кешені салынып жатыр. Ол тәулігіне 6,5 мың текше метр лас суды тазартуға мүмкіндік бермек. 

Жобалық құны шамамен 10 млрд теңгеге бағаланған кәріз-сорғы стансасының құрылысы қазір 30 пайызға дайын.  

Бұл жоба Алакөл жағалауындағы туристік нысандарға қызмет көрсетуге бағытталған. Бүгінде мұнда ірілі-ұсақты 320 туристік нысан бар. Сол демалыс орындарының бәрі орталық кәріз жүйесіне қосылып, суы тазарту кешеніне түседі, - деді Алакөл ауданы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы.

Жобаға тапсырыс беруші Алакөл ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Ал, құрылысты «Tolagai GLOBAL» ЖШС жүргізіп жатыр.

Қазір үш тұндыру бассейні қазылып дайын тұр. Енді бетон құю жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ негізгі құрылғылар тұратын ғимаратты салып жатырмыз. Қасында зертхана бой көтереді. Ол жерде судың құрамы тексеріледі, сараптамалар алынады. Техникалық су, егіс алқабын суаруға жарамды болса халыққа беріледі, - деді «Tolagai GLOBAL» компаниясының қызметкері әрі осы жобаның жетекшісі Самат Ыбырай.

Қазір құрылыс басында 65 адам жұмыс істеп жатыр. Бірақ ауа-райына байланысты жұмысшылар саны қысқарады. Бірақ қыс мезгілінде де құрылыс жұмыстары тоқтамайды дейді мердігер мекеме өкілі. Жалпы жобаны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жетісу облысындағы инженерлік желілерді жаңғырту жұмысы мұнымен бітпейді. Мәселен, Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында жылу қазандығы салынып жатыр. Құрылыс 2023 жылы басталған. Бұл жобаның құны 3,4 миллиард теңгені құрайды.

Құрылысты жүргізіп жатқан «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС. Шенеуніктердің айтуынша, мұндағы әлеуметтік нысандар орталық жылу жүйесіне қосуды қажет еткен. Себебі, қолданыстағы жылу жүйесі тоза бастапты.

Енді жоба аяқталса Үшаралдағы мектеп, аурухана, балабақша сияқты барлық әлеуметтік нысандар түгел орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.

Қазір құрылыс жұмыстары  96 пайызға дайын тұр. Қазандық жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.