Бүгін Жаңаөзен қаласында Бозжырада туристік нысандар салу бойынша алдын ала қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, ұйымдастырылған шараға ардагерлер, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, табиғат жанашырлары және сарапшылар қатысты.
Отандық инвесторлар жеке қаражатына Бозжырада жылына 30-40 мың туристі қабылдай алатын визит орталығын және туристік нысандар салуды көздеп отыр. Жаңа жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сынды туристік аймақтарындағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген әлемдік деңгейде тәжірибесі бар отандық компания жасақтаған., – делінген хабарламада.
Жоба авторларының айтуы бойынша, орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм принциптерін ескере отырып салынатын болады. Орталық құрылысы 2026 жылдың соңғы шенінде аяқталады деп жоспарланған.

Жоба бойынша шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақи нақышта безендірілген глэмпингтер, мұражай, қарау алаңдары мен шайхана бой көтереді. Заман талабына сай визит орталық туристер баруға ынталы нүктеге айналып, экологиялық туризмді дамытуға септігін тигізеді және табиғи мұраны сақтауды қамтамасыз етеді.
Жоба авторларының айтуынша, визит орталығының мақсаты – табиғи ландшафт пен мәдени мұраны сақтай отыра, саяхаттаушыларды көшпенді өркениет әлеміне жетелеп, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін насихаттау.

Осындай туристік нысандар Бозжыраның төменгі жағынан да бой көтереді. Мұнда этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер мен басқа да туристік нысандар салынбақ. Туристік нысанға дейін жол салынып, тоқ тартылады. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тұрақты 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының ауылшаруашылығы өнімдерін, қолөнер бұйымдарын сатуына мүмкіндік жасалады.