Жамбыл облысында жосықсыз мердігерлерден 2 млрд теңге өндірілді. Бұл туралы облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының еңбек ұжымдарымен кездесу барысында айтылды.
Прокуратураның ақпаратына сәйкес, АЭА-дағы заңбұзушылықтарды жою бойынша қабылдаған шаралары оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал еткен.
Экономикалық аймақта аяқталмаған объектілер үшін жосықсыз мердігерлерден 2 млрд теңге өндірілді. Сондай-ақ, бұрын тиімсіз жобаларға берілген 81 гектар жер қайтарылды. Бүгінде экономикалық аймақ аумағында инвестиция көлемі 26 млрд теңгеден асатын 3 жоба табысты іске асырылып, қосымша 16 жобаны іске қосу қарастырылып жатыр, – делінген хабарламада.
Жұмысшы мамандықтарының жарияланған жылы аясында облыс прокуроры қызметкерлердің еңбек құқығын сақтаудың және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.