Фонограммамен ән айтуға тыйым салу қажет – депутат

Редактор
26 февр. 2025 г., 21:28
Фонограммамен ән айтуға тыйым салу қажет – депутат

Қазақстандық әншілерге фонограммамен ән айтуға заң жүзінде тыйым салу қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, аталған мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігіне бірнеше рет ұсыныс жолданған, алайда қолдау таппаған.

«Қазіргі заңнамаға сәйкес, егер әнші фонограммамен өнер көрсететін болса, концерт ұйымдастырушылары бұл туралы көрерменге алдын ала хабарлауға міндетті. Алайда бұл талап іс жүзінде орындалмайды. Сондықтан біз фонограммамен ән айтуға толық тыйым салатын түзетулер енгізуді ұсындық, бірақ министрлік бұған қарсы шықты», – деді Мақсат Толықбай.

Министрлік ұсынысты техникалық құралдардың тозуы мен дыбыс режиссерлерінің тапшылығына сілтеп, қабылдаудан бас тартқан. Дегенмен, депутаттар заң жобасын жеңілдетіп, тек техникалық жабдықтар толық қамтамасыз етілген концерт залдарында фонограммаға тыйым салуды ұсынды. Дегенмен аталмыш өзгеріс те қолдауға ие болмады.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов аталған мәселе алдағы уақытта ашық талқылауда қаралатынын айтты.

«11 наурызда шоу-бизнес өкілдері, мәдени мекеме басшылары, режиссерлер мен басқа да мамандардың қатысуымен үлкен жиын өткіземіз. Осы талқылауда ұсыныстарыңызды қарастырып, екінші оқылымға дейін нақты шешім қабылдаймыз», – деді вице-министр.