Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылғы басқару кезеңін сынап тастады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
30 жыл бойы Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасындағы ел болды. Алайда уақыт өте келе ұзақ жылдар бойы қолданылған бұл модель елді елеулі саяси дағдарысқа әкелді. Бұл көбіне билік пен капиталдың жекелеген топтар мен бір тұлғаның қолында шамадан тыс шоғырлануымен байланысты болды, бұл қоғамның наразылығын тудырып, ел дамуын тежеді, – деді Ерлан Қошанов бүгінгі Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту процесін бастау бүкіл биліктің бір қолға шоғырлануын тоқтатуда маңызды қадам болды.
Әлемдік жағдайлар көрсетіп отырғандай, көптеген елдерде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және өкілеттіктерді бөлісу әлі күнге дейін түрлі пікірталастар мен талқылаулар туғызып келеді. Ал біздің елімізде, керісінше, президент өз бастамасымен кейбір өкілеттіктерін қайта бөліп, жеті жылдық бір реттік мерзімді енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару кезеңіне нүкте қойылды. Басқаша айтқанда, елде бұрынғы саяси архитектура мен басқару қағидаттары қайта қаралып, билік тармақтары арасында оңтайлы теңгерім орнатылған мүлде жаңа мемлекеттік-саяси құрылым моделі қалыптасты, – деді Ерлан Қошанов.