Түркістан қалалық соты Сауран ауданының білім бөлімінің басшылары А. Батырбековаға, Т. Шегенбаевқа, бухгалтерлер Б. Жанәлі мен А. Парменовқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Антикор ақпаратына сәйкес, олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы түрінде аудару арқылы 29 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.
Батырбекова мен Шегенбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылса, Жанәлі мен Парменов сол мерзімге бас бостандығын шектеді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Атырау қаласының №2 сотымен қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі М. Сейтқалиеваға және басқаларға қатысты үкім жарияланды. Ол жергілікті мектептердің бірінің уақытша директоры А. Қойшығұлова арқылы үш мұғалімнен «сарапшы» санатын бекіту үшін жалпы сомасы 150 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен оларға 1,4 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл түрінде жаза тағайындалды, – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.