Димаш Құдайберген Елисей сарайында ән шырқады

Редактор
7 нояб. 2024 г., 20:46
Димаш Құдайберген Елисей сарайында ән шырқады

Қарашаның 5-і күні Елисей сарайында Франция президенті Эммануэль Макронның атынан мемлекеттік қабылдау өтті. Салтанатты шараға президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегациямен бірге, Франция Үкіметінің мүшелері, танымал саясаткерлер, іскери, ғылыми және дипломатиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ екі елдің танымал мәдениет және спорт қайраткерлері шақырылған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Халық әртісі Димаш Құдайберген кеш қонағы ретінде, талғампаз көрерменнің сұрауы бойынша өзінің репертуарындағы белгілі «SOS d’un terrien en détresse» композициясын француз тілінде орындаса, қазақ тілінде қазақтың халық әні «Дайдидауды» шырқады.

Композитор, ақын және әнші, Францияның экс-бірінші ханымы Карла Бруни ханым өзінің Instagram желісінде Димашқа алғысын білдіріп, қазақстандық музыканттың орындауынан алған әсерімен бөлісті:

Кешегі кеште қазақтың тамаша әншісі Димаш Құдайбергенді тыңдау бақытына ие болдым. Кей дауыстар бізді жер шарынан алысқа ұшырып, жұмаққа екі қадам жерге дейін жетелейді. Бар болғаныңыз үшін рақмет, Димаш! Сіздің орасан зор талантыңыз үшін, абсолютті грацияңыз үшін, ерекше дауысыңыз үшін рақмет, деп жазды Карла Бруни.